Осыдан бiрнеше ай бұрын голливудтық «Қара киiмдiлер» фильмi қазақша сөйлеген едi. Оның алдында балаларға базарлық ретiнде «Көлiктердiң» қазақ тiлiне аударылғаны баршаға мәлiм. Араға жыл салып, бiр емес, екi фильмдi қазақшаға тәржiмалаған «Болашақ» қауымдастығы көрерменге әлемнiң үздiк киностудияларының төл туындыларын ұсынуды бұдан былай да жалғастырмақ.
Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, «Қара киімділер» фильмін қазақ тіліне аудару үшін 20 миллион теңге қаражат жұмсалған. Голливудтық танымал өнер шебері Уилл Смит ойнайтын фантастикалық комедияны тәржімалау үшін белгілі актерлеріміз Азамат Қанапия, Шалқар Үркімбаев, Балтабай Сейітмамытов, Бақытжан Әлпейісов тер төкті. Ал дубляж тобын басқарған режиссер Әйгерім Оңалбек. Дубляжға Ресей, Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан мамандары атсалысып, «Қара киімділерді» қазақша сөйлеткен еді. Қазақстандық прокатта фильм екі тілде жүрді. Бұған дейінгі «Қара киімділердің» алғашқы нұсқаларымен жақсы таныс қазақ көрермені бұл жолы да аталмыш фильмді асыға күткені белгілі. Мәселе, фильмнің қазақстандық прокатта жүргізілгені емес, 20 миллион қаржыға аударылған голливудтық туындының қазақ тіліндегі нұсқасына деген қазақы көрерменнің сұранысы қалай болды? Бізді мазалайтын да осы сауал.
Алматыдағы «Сити» орталығындағы шағын кинотеатардан «қара киімділерді» көруге бар-жоғы төрт көрермен ғана жиналыпты. Есік алдындағы кезекші қыз бізге: «Қазақша нұсқасын көруге көрермен келмей ме деп қауіптеніп едім. Сіздерді көріп қуанып қалдым ғой», – деді. Төрт көрермен тізе қосып, фильмді тамашалап шыққандағы алған әсеріміз ұшан-теңіз. Фильм өте сапалы деңгейде аударылған. Естуімізше, фильмді қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей тәржімалаған көрінеді. Әйгілі актер Уилл Смит қазақ тілінде өзі сөйлеп тұр ма дерсің. Тіпті, әрбір қимыл-қозғалысына дерлік, тілдік үйлесім тапқан. Фантастикалық комедия болғандықтан, еріксіз езуіңізге күлкі үйіріледі. Жасандылығынан гөрі, табиғилығы басымдау болған фильм әу бастан-ақ қазақ тілінде түсірілген бе деп қаласың. Демек кез келген шетелдік өнімді өзіміздің ана тілімізде тамашалауға да болады екен.
Айдың бетінде салынған құпия түрмеге тоғытылған Борис (Джемейн Клемент) есімді өзгепланеталық келімсек агент Кейден (Томми Ли Джонс) есе қайтаруды ұзақ күткен еді. Міне, сол күн де келіп жетеді. Түрмеден қашып шыққан Борис, Жерге келген соң өткен шаққа оралады дағы, тарихты түбегейлі өзгертіп жібереді. Ол агент Кейді өткен шақта өлтіріп тастап, адамзатқа қауіп төндіреді. Серігін құтқармақ болған агент Джей (Уилл Смит) де өткен шаққа оралып, бәрін орнына қоюға тырысады.
«Қара киімділердің» үшінші нұсқасы осылай басталады. Бірден іске кірісіп кеткен кейіпкерлер бұған дейінгі екі фильмді логикалық тұрғыдан осылай іліп алып кетеді. Тіпті, бөлімдер арасындағы жылдарға созылған үзілістің алшақтығын да сезбей қаласыз. Осылайша, екі сағатқа созылған «қара киімділерді» бір деммен қалай тамашалап шыққанымызды білмей қалдық. Ең бастысы, агент Джей де, қылмыскер Борис те қазақша ойлап, қазақша сөйледі. Сол арқылы біз оның голливудтық туынды екенін сезбей де қалғандаймыз.
Бұл жағдай тек «Қара киімділер» фильміне ғана тән емес. Бұған дейін бала біткен «Көліктердің» қазақша нұсқасын көріп, ризашылықтарын білдірген еді. Тіпті кинотеатр басшылары да қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныстың болатынын айтқан «Көліктерден» кейін. Ал бүкіл бала біткен жаттап алған кейіпкерлердің көбі осылайша қазақ тілінде сайрағанда, олардың санасында Спанчбоб, Шрэк, Бэтман қазақша қалыптасар еді. Олар оны қазақша қабылдайтын еді, қазақша ұғынар еді.
Бұған дейін саясаттанушы Ерлан Саиров «әлемдік кинотуындылардан бас тартудың қажеті жоқтығын, тек оны қазақ тілінде сөйлету арқылы балалардың санасын қазақша қалыптастыра алатынымызды» жиі айтатын.
Бұл жобаны қолына алған «Болашақ» қауымдастығы төрағасы Бауыржан Байбек «Көліктермен» ғана шектеліп қалмайтынын жеткізген еді. Аталмыш жобадан кейін аталмыш қауымдастық үш бірдей жобаны қазақ көрерменіне ұсынған. Олардың арасында жоғарыда өзіміз мысалға келтірген «Қара киімділер» де бар. Одан бөлек, жуырда ғана кинотеатрларда көрерменге жол тартқан «Жаңа өрмекші адам» фильмі де «Болашақтың» жаңа жобасы.
Қазақ көрерменін қалыптастырудың жолы – әлемдік озық туындыларды қазақша сөйлету екені белгілі. Қазақстандық төл туынды «Жаужүрек мың бала» фильмі прокатта жүргенде алматылық көрермендердің көбі оның қазақша нұсқасын іздегені жасырын емес. «Көліктер-2» мультфильмі мен «Жаужүрек мың бала» фильмі «қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс болмайды» деген пікірді жоққа шығарған еді. Тілі орысша шығып, орысша былдырлаған жасөспірімдердің өзі «Жаужүрек мың баланың» қазақ тіліндегі нұсқасын көруге тырысқан.
«Жаңа өрмекші адам» фильмінің кинотеатрларда жүре бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Әзірге «өрмекші адам» төңірегінде айтылып жатқан пікірлер жаман емес. Ғаламтор бетіндегі пікірлер де сан алуан. Кейбіреулер фильмнің сапалы түсірілгенін айтып жатса, енді біреулер фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасының сапалы екендігін айтады. Сондай көрерменнің бірі: «Киноны тамашалап отырған адамның іші пыспайтыны анық. Бұл туындыда барлығы өз деңгейінде, барлық жағы қамтылған – Махаббат, Экшн, Достық, Сезім. Питердің әкесінің баласына деген сезімі, Беннің інісінің баласына деген қамқорлығы, шешесінің өте ғажап жан екендігі жақсы суреттелген. Менің актерлар құрамына беретін бағам өте жоғары, себебі олар өздерінің рөлдерін тамаша ойнап шыққан. Демімді ішіме тартып, кино басталғаннан соңына дейін көз алмай тамашалап отырдым. Аударма өте сапалы болмаса да, өз деңгейінде. Қарапайым қолданушыға түсінікті, айналамыздағы кішкентай балдарға дейін күліп отырып көргендеріне қарап беріп отырған бағам. Менің бұл киноны көріп түйгендігім, бұл шын мәнісінде де ЖАҢА ӨРМЕКШІ АДАМ» деп жазады. Алматылық көрерменнің көбі прокатқа шығып жатқан фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасын көбірек іздейтіні қуантады. Алдағы уақытта да голливудтық фильмдер қазақ тіліне жиі тәржімаланатын болса, онда көрермен барша фильмдерді қазақ тілінде көруге асығатын болар еді.